Жаңалықтар

30 қыркүйек 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.
big-01

Президент Атырау облысының Мақат ауданында «Болашақ» мұнай және газды игеруге дайындық жөніндегі кешенді қондырғының құрылысы барысымен танысты. Жаңа мұнайгаз кешенінің қуаттылығы – тәулігіне 450 мың баррель немесе жылына 22,5 миллион тонна болатыны жоспарланған. Мұнда мұнайды сорғыту және тұрақтандыру, сондай-ақ тазарту, сақтау және Қашаған кен орнындағы өнеркәсіптік қайта өңдеу-тәжірибесі кезіндегі мұнайды экспорттау жүзеге асырылатын болады.

Зауыт озық отандық қондырғылармен, ең жақсы технологиялармен және еуропалық өндірістік жабдықтармен жарақтандырылған. Қазіргі уақытта оның құрылысына 20500 адам қатыстырылған. Құны 3,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын жоба 2010 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Одан кейін Мемлекет басшысы Атырау – Бейнеу автотрассасының аяқталған учаскесін аралады. Автомагистральдың жалпы ұзындығы 426 шақырым, автомобиль жолының құрамына Астрахань – Атырау – Ақтау – Түркіменстан шекарасы енген, жалпы ұзындығы 1402 шақырымды құрайды және транзиттік дәліздің бірі болып табылады.

Президент сондай-ақ «Өзен – Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы» жаңа темір жол учаскесінің құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Бұл жоба Қазақстан мен Ресейдің орталық өңірлерін Түркіменстанмен, Иранмен, Парсы шығанағы елдерімен, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиямен тікелей байланыстыратын қосымша транзиттік жол салуға бағытталған. Темір жол желісінің ұзындығы Қазақстан аумағы бойынша 146 шақырымды, Түркіменстан аумағы бойынша – 470 шақырымды, Иранның – 70-ке жуық шақырымын құрайды. Жолдың қазақстандық учаскесіндегі құрылыстың құны 62 миллиард теңгені құрайды. 

ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Мемлекет басшысына Қазақстан жолдарындағы автомобиль желісінің жалпы жай-күйі туралы баяндады және Республикалық автомобиль және темір жол транзиттік дәліздерін дамыту жөніндегі жобамен таныстырды. 

Рәсім барысында сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласымен телекөпір орнатылып, темір жол желісінің қазақстандық бөлігі құрылысының басталуының салтанатты рәсімі өтті. Интерактивтік байланыс кезінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин Президентке жаңа жолдың техникалық сипаттамасы туралы мәлімдеді. Қазақстанның Астық одағының төрағасы Нұрлан Тілеубаев Президентке диқандарға көрсеткен көмегі үшін алғысын айтты, оның байқауынша, жаңа темір жол магистралы біздің астықтың жылына 3 миллион тоннаға дейін экспортқа шығарылуын арттырады. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс тұрғындары үшін жобаны іске асырудың әлеуметтік мәні барын атап өтті. 

Президент жаңа жол құрылысын бастап берді және жаңаөзендіктер мен облыстың теміржолшыларын осы айтулы оқиғамен құттықтады.

Мемлекет басшысының Атырау облысына жұмыс сапары жалғасуда.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар