Жаңалықтар

27 қазан 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин қатысты.

Мемлекет басшысы әлемнің жетекші экономикасының тұрақтану белгілері байқалып отырған кезең қарсаңында, көмірсутегі шикізатына, металға баға көтеріліп келе жатқанын, сондай-ақ еліміздің ішкі жағдайының қалыптасуы жаман емес екенін атап өтті. Екінші тоқсанмен салыстырғанда, үшінші тоқсанда өндіріс көлемі 4,3 пайызға өсті, өңдеуші өнеркәсіп – 15 пайызға көтерілді. Тау-кен секторы мен ауыл шаруашылығы саласында қаңтар мен қыркүйек аралығында 4,7 пайыз және тиісінше 1,7 пайыз өсім бары атап өтілді.

Дағдарысқа қарсы іс-шаралар 400 мыңға жуық, соның ішінде «Жол картасы» аясында – 260 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндіктер туғызды.

Биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту жөнінде кең көлемде жұмыстар жүргізілді. Шамамен бір жарым мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны жөндеуден өтті. Жүз шақырымдық жол салынды және жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет студенттерге қолдау көрсетті, осы мақсатта қосымша 11 мың грант және 40 мың кредит бөлінді.

Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар проблемаларға, атап айтқанда, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру барысына баса назар аударды. Биылғы жылы жоба аяқталмақ. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша - 14, Қызылорда облысында - 4, Астанада - 1 мектеп белгіленген мерзімінде берілмеген.

Мұндай жағдайлар ауруханаларда да кездесуде. Ағымдағы кезеңде бөлінген қаражаттың тек 64 пайызы ғана игерілген.

Мемлекет басшысы әкімдерге құрылыстың сапасына және нысандардың белгіленген мерзімде берілуіне тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет Азиада өтетінін атап өтті. Үкіметке, Алматы мен Астана әкімдеріне бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау және барлық жоспарланған нысандарды белгіленген мерзімде тапсыруды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы іс-шараларды орындау, «Жол картасы» бағдарламасы және өзге әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар