National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кембридж университетінде болып, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті

2012 жылғы 26 шілде

 

Кездесуді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Кембридж университетінің  ғасырлар бойы әлемдік ғылым мен білімнің орталығы болып келгеніне, сонымен бірге бүкіл адамзаттың дамуына зор үлес қосып келе жатқанына тоқталды.

- Мен үшін көптеген көрнекті тұлғалар мен Нобель сыйлығының лауреаттары түлеп ұшқан осыншалық беделді  университетте сөз сөйлеу үлкен мәртебе, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемнің қазіргі құрылымының мәселелеріне деген өз көзқарасымен бөлісті, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі және елді дамыту перспективалары туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысы ХХ және XXI ғасырлар аралығы Еуразияның зор геостратегиялық кеңістігіндегі ауқымды және түбірлі өзгерістер кезеңіне айналғанын атап өтті. Бұл уақыт былтырғы желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаған Қазақстан үшін беріктігін бекемдеуге арналған сындарлы сынақ кезеңі болды.

- Кеңес Одағы тарағаннан кейін бізге ауқымды дағдарыс, әлсіз экономика және басқарудың тиімсіз жүйесі мұра болып қалды. Сондай жағдайда, 1992 жылы халықтың 40 пайызы кедейшілік шырмауында қалып, инфляция 2 мың пайызға жетті. Бізге тек экономиканы ғана емес, жаңа үлгідегі мемлекетті де басынан бастап құруға, түбірлі реформалар жүргізуге, жоспарлы жүйеден нарыққа, тоталиаризмнен демократияға көшуге тура келді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы алдымен экономикалық, одан соң саяси ырықтандыруға алғашқы кезекте маңыз беретін реформаларды кезең-кезеңмен жүргізу қажетігіне айрықша назар аудартты.

- Саяси мәдениет пен тәжірибенің жоқтығы мемлекеттік институттарды сыйламаушылыққа, зорлық-зомбылыққа үндеуге ұшыратты. Бұл –  кез келген ел үшін аса қауіпті жол. Мұның мысалы – Әндіжандағы қақтығыстар, Оштағы жаппай бас көтерулер, сонымен қатар, Жаңаөзендегі оқиға. Біз үшін одан арғы даму ырғағын сақтау үшін тұрақтылықты жоғалтпау аса маңызды. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекет құру – бүкіл ұлт үшін негізгі меже және міндет, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Қазақстан Президенті өз сөзінде елдің тиімді әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.   

- Тәуелсіздік жылдары біз ІЖО көлемін жан басына шаққанда 16 есеге – 700 доллардан 12 мың долларға дейін арттырдық. 1999 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстанның ІЖО өсімі орта есеппен 10 пайызды құрады. Біздің еліміз Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайызын өзіне шоғырландырды. Бізге Еуропадан, Азиядан және Америкадан ірі инвесторлар мен әлемдік бизнестің көшбасшылары келді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның тек мұнай мен газ ғана емес, сонымен қатар металдардың барлық түрінің табиғи ресурстарының орасан зор қорына ие екенін атап өтті. Сонымен бірге қазіргі уақытта Қазақстан экономикасын әртараптандыруды қамтамасыз ету, шикізаттық экспортқа тәуелділік деңгейін төмендету, заманауи индустриялық база мен өздігінен дамитын иннновациялық жүйе құру міндеті алға қойылды. 

- Дағдарыстың ең өршіген тұсында біз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды бастап, елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Барлық индустриялық жобаларды жүйелі түрде қолдап отыру үшін Индустрияландыру картасын қалыптастырдық. Оған  құны 76 миллиард доллардан асатын 706 жоба енгізілді. Елдің негізгі тірегі – инновация мен білімге негізделген экономика - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның кеңестік дәуірден шыққан мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып еуропалық жоғары білім беру аймағына енгенін айтты.  2010 жылы еліміз Еуропа мәдени конвенциясы мен Болон процесіне қосылды. Шетелде оқытатын «Болашақ» арнайы бағдарламасы белгіленді. 1993 жылдан бері 8 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Ең танымал бағыттың бірі – Ұлыбритания. Британ жоғары оқу орындарында біздің 4 мыңнан астам студентіміз білім алды. 2001 жылдан бері Алматыда Қазақ-Британ техникалық университеті табысты жұмыс жасап келеді. Ол Қазақстанның ұлттық ғылыми-техникалық элитасын дайындап, қалыптастыру ісіне белсенді қатысуда. Астанада жаңа халықаралық жоғары оқу орны – «Назарбаев университетінің» ашылуы жоғары білім беру саласындағы басымдығы бар жоба болды. Кембридж университетімен білім беру бағдарламалары бойынша ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қазақстанның «Қазатомпром» компаниясы мен сіздердің университеттеріңіздің Кавендиш лабораториясы арасындағы тығыз ынтымақтастық мысалын көріп отырмыз.

Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Кембридж университетімен әсіресе жаңа технологиялар, қалпына келтірілетін қуат, экология салаларындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге әзір екенін айтты.

Кездесуде Қазақстан Президенті сонымен қатар Қазақстан мен Кембридж университеті бірлесіп құрған Орталық Азия инновациялық қоры жұмысын бастағанын жария етті. 

- Біздің ұлы ғалымымыз әл-Фараби атындағы шәкіртақының тағайындалуы да маңызы еш кем емес жаңалық, ол дарынды жастарға өңірді зерттеумен Кембридж университеті базасында айналысуға мүмкіндік береді. Бұл біздің ынтымақтастығымызға қосылған тағы бір елеулі үлес болады деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталған Мемлекет басшысы  Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің нығаюына қосқан үлесі туралы әңгімелеп берді. Елдің аса маңызды тарихи шешімі шамамен мың жарымдай жарылыс жасалған Семей ядролық полигонын жабу болды. Қазақстан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты, Орталық Азияда ядросыз аймақ құру туралы келісімшартқа қол қойды. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 28 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгіледі. Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон мен Сеулдегі жаһандық саммиттерде, сонымен қатар БҰҰ мінберінен ядролық қарусыздану және таратпау саласында Қазақстанның көтерген бірқатар бастамаларының маңыздыдығын айрықша атап өтті.  

- БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында мен Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсындым. Біз Ауғаныстан мәселесін шешу бағытында халықаралық деңгейдегі күш салу әрекеттеріне белсене араластық. Қазақстан халықаралық коалиция күштері үшін жүк транзитін қамтамасыз етіп, бұл елге экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетіп отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қазақстанның өңірлік бірлестіктер мен форумдар әлеуетін жандандыруға деген ұмтылысын атап өтті. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы бастамаға, ЕҚЫҰның 21-інші ғасырдағы алғашқы саммитін өткізуге, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалыққа тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстын Президенті еліміздің таяу көршілерімізбен – Ресей және Қытаймен стратегиялық серіктестік орнатқанын айтты. Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы құрылды. Еуропалық Одақпен ынтымақтастық та басымдықтағы маңызға ие, ЕО-мен арадағы тауар айналымымыз 50 миллиард доллардан асты. Бүгінде ЕО-мен арада кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қою жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы бұған қоса Ұлыбританиямен арасдағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына егжей-тегжейлі тоқталды.  Биыл Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланып, орнықты шарттық-құқықтық негіз  жасалды. Британ бизнесі Қазақстан экономикасында кеңінен өрістеді – бізде 500-ден астам біріккен кәсіпорын бар. Тәуелсіздік жылдарындағы британдық инвестицияның жалпы көлемі 20 млрд. долларды  құрайды. Бұл – АҚШ пен Нидерландыдан кейінгі үшінші орын.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ұлтаралық келісімнің сақталуы мен нығайтылуының қазақстандық бірегей үлгісін ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 46 діни конфессияға жататын 130-дан астам ұлт азаматтары өмір сүріп жатыр, еліміз конфессияаралық және мәдениетаралық диалогтың бірден-бір мойындалған орталығына айналды.

- Бізде этникааралық диалогтың теңдессіз құралы – Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылған, ол консультативтік-кеңестік органнан конституциялық органға дейінгі эволюциялық жолдан өтті. Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезіне бастамашы болды және съезді өткізу орнына айналды.

Кездесуге қатысушыларға Мемлекет басшысы адамзаттың өз тарихындағы кезекті межеге келгенін айтты. 2008-2009 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс өткен күн мен болашақтың жаңа үлгісінің арасындағы соңғы шекара болды. Әлем қоғамдық өмірдің барлық саласына айтарлықтай әсер ететін жаһандық өзгерістер жолына түсті. Бірқатар дамыған елдер әлі де әлемдік қаржы дағдарысының ыдыратушылық ықпалымен күресуде. Дағдарыстың таралу жылдамдығы мен әлемдік экономика үшін ауыр салдары G8-ден G20-ға өтуді жеделдетті. Бұл орайда Қазақстан Президенті аталған диалогты кеңейту қажеттігін атап айтты.

- Өткен жылы мен G20 механизміне қосымша ретінде, халықаралық экономикалық саясатты қалыптастыру және жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер іздеу үшін G-Global елдер тобын құруды ұсындым. Бүгінде G-Global – «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы құрған, Астана экономикалық форумы жанындағы халықаралық виртуалды алаң. Қазір G-Global-ға әлемнің 150-ге жуық елінен 10 мың қатысушы кіреді. Бастаманы Нобель сыйлығының 14 лауреаты, Бреттон-Вуд келісімін жаңарту жөніндегі комитет, Мадрид Клубы, Еуропалық комиссия, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, іскерлік және ғылыми қоғамдастықтар өкілдері қолдады. Біз өзіміздің G-Global  бастамамызға саяси, ғылыми және іскерлік орта кеңінен қолдау білдіріп жатқанын көргенімізге қуаныштымыз. Біздің алдымызда тұрған қиын мәселелердің шешімін табу сарапшылардың мейлінше көптеп қатысуын қажет етеді. Кембридж университеті бұл үдерісте ерекше роль ойнай алар еді, - деді Қазақстан Президенті.

Кездесуден соң Мемлекет басшысы Кембридж университетінің құрамына кіретін «Тринити» колледжін аралап көрді.  

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің