National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовпен кездесті

2016 жылғы 15 сәуір

 

Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, су-энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.

Екі елдің көшбасшылары екіжақты сауда көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, оның құрылымын әртараптандыруға, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ сыртқы сауда жүктері транзитіне қолайлы жағдай қалыптастыруға өзара ниеттестігін білдірді.

Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қызметіне оң баға берілді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен И.Кәрімов күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Ташкентте өткізу жоспарланып отырған ШЫҰ Саммитіне қатысты жайттарды талқылады.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Президенттер халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, заңсыз көші-қонға, есірткі тасымалына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және басқа да сын-қатерлерге және қауіптерге қарсы күрестегі ынтымақтастықты екіжақты форматта, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясында одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Екі елдің көшбасшылары Ауғанстандағы бейбітшілікті және тұрақтылықты қалпына келтіруді тездетуге өздерінің бейілділігін растады. Бұл ретте, Қазақстан мен Өзбекстанның Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен И.Кәрімов Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстары халықтардың игілігі болып табылатынын және бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен әл-ауқаты осы ресурстарды ақылға қонымды және әділ пайдалануға байланысты екенін айтты.

Бұл орайда мемлекеттер басшылары өңірдің барлық елдерін трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу мәселесін қарастыру кезінде БҰҰ конвенцияларында бекітілген жалпыға танылған халықаралық су құқығы нормаларын басшылыққа алуға шақырды.

Халықаралық Аралды құтқару қоры Арал маңын экологиялық сауықтыру және оның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатындағы өзара іс-қимыл үшін маңызды тұғырнама болатыны айтылды.

Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы тарихи достық қатынастарға тоқталып өтті.

 Біз бұл байланыстарды Тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, мемлекеттерімізді жақындастыра түстік. Бұл орайда, көрші ретіндегі біздің риясыз ниетпен кездесу тәжірибеміздің маңызы зор. Мен Сізбен достығымды, қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын. Мақсат – осы қарым-қатынастарды, өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Барша қазақстандықтар атынан өзбек халқына табыс пен бақ-береке тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

И.Кәрімов екі мемлекет арасында шынайы достық қарым-қатынас, құрмет пен өзара тілеулестік бар екенін айтты.

Біз өмір сүріп жатқан қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары қазіргі жағдайда дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды. Әлемдік экономикада дағдарыс жалғасуда, дүние жүзінің ешбір мемлекеті қиындықтан кенде емес. Біз дұрыс жолмен жүріп, әрдайым бағытымызды бірлесе байыптап отыруды қалаймыз, – деді Өзбекстан Президенті.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің