National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Италия Республикасына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша брифинг өткізді

2014 жылғы 17 қазан

 

«Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысқан Мемлекет басшысы Миланнан қайтар жолда сапарын қорытындылады, сондай-ақ Бельгия Корольдігі мен Беларусь Республикасына жасаған соңғы сапарларының нәтижелері туралы әңгімеледі.

Қазақстан Президенті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары халықаралық нарықтарға, соның ішінде біздің елімізге де әлі теріс ықпал етіп отырғанын айтты. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев соңғы айда болған сапарлар түрлі мемлекеттермен арадағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғанын, бұлар Қазақстанның іскерлік байланыстарын нығайтуға және экономикасын әрі қарай дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Брюссельде қол қойылған ҚР мен ЕО-ның кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы бойынша алты жыл бойы жүргізілген келіссөздердің аяқталғандығы жөніндегі құжаттың маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында Еуропалық одақпен екіжақты келіссөздерінің аяқталғандығы туралы құжат та айрықша мәнге ие.

Қазақстан Президенті еліміздің ЕО мемлекеттерімен тауар айналымы 53 миллиард долларды құрайтынын және аталған келісім тараптардың арасындағы өзара іс-қимылды бұдан да қарқынды ету үшін мүмкіндіктер тудыратынын айтты. Бұл қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді және ел экономикасына оң әсер етеді.

Миландағы саммитке тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев оның тұжырымдамасы негізгі тармақтарының бірі Еуропа мен Азияның арасындағы тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту болып саналатын «Еуразиялық идеямен» үндес екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы 50-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысқан салиқалы шараға Орталық Азия елдерінің ішінен тек Қазақстанның ғана шақырылғанын айтты.

Қазақстан Президенті мұндай форумдар өзге мемлекеттердің басшыларымен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Атап айтқанда, саммит жұмысының бір жарым күні ішінде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания, Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Италия және Нидерланд көшбасшыларымен кездесулер өткізді.

Мемлекет басшысы олармен өткен келіссөздер ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге, сондай-ақ өзара іс-қимылды дамытудың жаңа бағыттарын анықтауға бағытталғанын мәлімдеді.

– Бұл кездесулер еліміздің әлемдік аренадағы беделін көтереді, жаһандық экономикадағы күрделі ахуал жағдайында Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ республикамызға деген оң көзқарас қалыптастырады. Көптеген елдер қаражаттарын Қазақстанға салуға ұмтылады, ол экономиканың дамуын ынталандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы  мен халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы саммитке қатысушылар Миланда  Украинадағы жағдайды реттеу мәселелерін кеңінен талқылағанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жанжалдың түйінін тек қана келіссөздер жолымен шешкен жөн екенін, Қазақстан өз тарапынан ол үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің