Жаңалықтар

8 ақпан 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Германияға сапары барысында Германия Федеративтік Республикасының Федеральдық Канцлері Ангела Меркельмен кездесті.

01

01a

Федеральдық Канцлерге неміс жерінде қазақстандық делегацияға көрсеткен жылы шырайлы дәстүрлі қабылдауы үшін алғыс айта отырып, Президент биылғы жыл біздің елдеріміз үшін айтулы оқиғаны – Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толып отырғанын атап өтті. Бұдан жиырма жыл бұрын Қазақстан мен Германия диалог, сындарлы ынтымақтастық пен құрметтеушілік жолын таңдады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель қазақстан-неміс серіктестігінің барлық ауқымын талқылай келе, саяси, экономикалық және ғылым-білім салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың едәуір алға жылжығанын, екі елдің тауар айналымының айтарлықтай артқанын атап өтті.

Тараптар сондай-ақ халықаралық саясаттың жаһандық мәселесін шешу жөніндегі көптарапты ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Берлин Еуразиялық клубының ашылуы және жұмыс істеуі біздің мемлекеттеріміз әлемдік саясаттың жаһандық жүйесінде алға қойған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндіктер беретінін мәлімдеді. Берлин Еуразиялық клубы екіжақты іс-қимылдар, өңірлік қауіпсіздік, еуразиялық ықпалдастық үдерісі, энергетикалық және шикізат ынтымақтастығы тәрізді өзекті тақырыптарды талқылау үшін Қазақстанның Еуропадағы алғашқы диалог алаңына айналатын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ГФР Канцлері Ангела Меркельмен кездесуі аяқтала келе, екі елдің көшбасшыларының қатысуымен ҚР Үкімет мен ГФР Үкімет арасындағы шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы серіктестік туралы Келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатқа ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев пен ГФР-дің вице-канцлері, ГФР-дің Экономика және технология Федеральдық министрі Филипп Реслер мен ГФР-дің Сыртқы істер министрлігінің Статс-хатшысы Харальд Браун қол қойды.

Қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Федеральдық Канцлер Ангела Меркель журналистердің сауалдарына жауап берді.

Екі ел көшбашыларының пікірлері бойынша, шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы серіктестік туралы үкіметаралық Келісімге қол қойылуы ҚР мен ГФР экономикалары үшін кең мүмкіндіктер ашады. Неміс компаниялары қазақстандық кен орындарында барлау мен өндіруді жүзеге асыра алады, шикізат ресурастарын игеру және қайта өңдеу жөнінде зауыт сала алады, сондай-ақ алдағы уақытта экспортқа шығару үшін, соның шінде Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік рыноктарына экспорттау үшін өнімдер шығара алады. Жаңа неміс технологиясы Қазақстан экономикасында кеңінен пайдалануы мүмкін, әсіресе бұл Қазақстандағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға байланысты ерекше маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық делегацияның ГФР-ге сапарын өте табысты деп бағалады. ҚР мен ГФР экономикалық ведомстволар басшыларының сапары аясында бірқатар өзге де келісімдерге, яғни сомасы бірнеше миллиард долларды құрайтын елуге жуық коммерциялық келісім-шарт жасалды. «Бұл біздің қарым-қатынастарымыздағы нағыз серпіліс», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

ГФР Федеральдық Канцлер Ангела Меркель де жүргізілген келіссөздер нәтижесін жоғары бағалады. Оның пікірінше, Берлин Еуразиялық клубының ашылуы маңызды оқиға болып табылады, ал Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік келешекте Еуропалық Одақпен жемісті ынтымақтастық орната алады. ГФР Федеральдық Канцлері сондай-ақ Қазақстанда өткен сайлаудың нәтижесінде енді республика Парламентіне үш саяси партия өтіп отырғанын атап өтті.

Н.Ә.Назарбаев пен А.Меркель көптарапты ынтымақтастықты алға жылжыту қажеттігі және екі елдік өзара іс-қимылы туралы бірыңғай пікірде болды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар