Жаңалықтар

27 қазан 2009
Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған шетелдік елшілерден Сенім грамоталарын қабылдады.

Онда Марокко Корольдігінің Ресей Федерациясындағы және Қазақстан Республикасындағы (қоса атқарушы) Төтенше және Өкілетті Елшісі Абделькадер Лешехеб, Алжир Халықтық Демократиялық Республикасының Елшісі Смайыл Шерги және Словения Республикасының Елшісі Ада Филипп-Сливник Сенім грамоталарын табыс етті. 

А.Лешехеб мырзаның пікірі бойынша, екі елдің де сыртқы саясатында сенімділік пен ұстамдылық басымдық етеді. 

- Мен король Мохаммед VI-ның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған достық пен сыйластық жолдауын әкелдім. Жоғары мәртебелі король жақын келешекте Астанаға келуге жолым түседі деп үміттенеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы және Ислам Конференциясы Ұйымына 2011 жылы Қазақстан төрағалығының барынша нәтижелі өтуіне Марокко қолдау көрсетуге барынша ниетті, - деген пікірін білдірді. 

Алжирдің елшісі баспасөз өкілдеріне арнаған сөзінде екіжақты қарым-қатынастардың энергетика, ауыл шаруашылығы, халықаралық қауіпсіздікті нығайту және тағы да басқа салаларда әлі шешімін күткен зор мүмкіндіктердің бар екенін атап өтті. 

- Қазақстанның жаңа елордасына деген сүйіспеншілігімді білдіргім келеді. Меніңше, Астананы көтеру жобасы мұсылман өркениетінің шынайы ажарын айшықтайтын жан-жақты жаңару үрдісінің дәлелі болып табылады, - деді Смайыл Шерги мырза. 

Словениялық елшінің айтуынша, жер көлемі жағынан шағын болып табылатын мемлекеті қазіргі таңда дүние жүзінің елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен, тиімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін, сондықтан да Еуроодақ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі секілді аймақтық ұйымдарда бірлесе белсенді қызмет етуге ниетті екенін хабарлады. 

- Екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңа серпін беру үшін биылғы жылы 11-12 қараша күндерінде Словения президенті Данило Тюрктің Астанаға сапарын ұйымдастыру жоспарланған. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер өткізу, бірнеше салада ынтымақтастығымызды кеңейту туралы шарттарға қол қою және қазірдің өзінде қатысуға 60-тан астам беделді кәсіпкерлеріміз қызығушылығын білдірген Қазақстан-Словения бизнес-форумын өткізу көзделінген, - деп мәлімдеді А. Филипп-Сливник ханым.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар