National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық III «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумына қатысты

2018 жылғы 18 маусым

Басқосуға, сондай-ақ Түркия Президентінің кеңесшісі А.Аттар, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі С.Раев, Монғолия Ғылым академиясының президенті Р.Дүгэриин, халықаралық ұйымдар басшылары, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері және көрнекті ғалымдар қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасының: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз», – деген сөзіне тоқталды.

– «Ұлы Дала» – бүкіл түркі әлемінің басын біріктіретін мазмұны терең, аясы кең киелі ұғым. Осы қасиетті атау Еуразияның кең-байтақ кеңістігін мекендеген күллі халықтардың тағдырын қамтиды, – деді Мемлекеттік хатшы.  

Қазір Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жұмысы басталды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақсатымен алғашқы 18 еңбек қазақ тіліне аударылды. «Киелі нысандардың 3d турымен қамтылған виртуалды картасы» әзірленді. 

2018 жыл – түркі дүниесі күнтізбесіндегі ерекше белес. Биыл тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдығы мерекеленеді. Сондай-ақ мұсылман әлеміндегі тұңғыш зайырлы мемлекет – Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрылуының 100 жылдығы, түбі бір түркі халқының тұғырлы тұлғалары – қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың – 125, қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы тойлануда.

Мемлекеттік хатшы Халықаралық III «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының адамзат дамуындағы Түркі әлемінің орны мен мәдени-рухани құндылықтары, жаһандық және аймақтық өзекті мәселелер талқыланатын интеллектуалды сұхбат алаңы мәртебесіне ие болып үлгергенін айтты.

Форум 6 секция бойынша өтеді. Оған 250-ден астам қазақстандық ғалымдар мен олардың Әзербайжан, Германия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия және басқа да елдерден келген әріптестері қатысады. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітаптардың көрмесі болады.

Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жиынға қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен де кездесті. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің