National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон қазақстан-британ бизнес-конференциясының жабылу рәсіміне қатысты

2013 жылғы 01 шілде

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания Премьер-Министрінің сапары екіжақты қарым-қатынастардың өте маңызды оқиғасы болып саналатынын, оның барысында өзара ықпалдастықтың кең ауқымы бойынша келіссөздер жүргізілгенін атап өтті.

– Британ бизнес-қоғамдастығы біздің еліміз және соңғы жиырма жылдағы жетістігіміз туралы толық ақпарат алды деп ойлаймын. 1994-1995 жылдары инфляция деңгейі 2000-нан астам пайызды құрап, көптеген кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалғанын, экономика дағдарыс жағдайында болғанын еске алсақ та жеткілікті. Халықтың жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көлемі 1993-1994 жылдары 700-дей долларды құрады, ал бүгінде бұл көрсеткіш 13 мың доллардан асты. Қазір біз экономикасы ірі өңірдің бірі болып саналамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізде іске асырылып жатқан ауқымды индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар ел экономикасының одан әрі дамуына қызмет ететінін атап өтті.

– Біз британ бизнесін барлық ірі жобаларға белсене атсалысуға шақырамыз. Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жұмысын бастайтын компаниялар белгілі мөлшерде артықшылықтар мен салықтық  жеңілдіктерге ие болады. Бұған қоса, мүнай-газ секторындағы компания үшін біз экономиканың өзге де саласына міндетті түрде жаңа технология тарту жөнінде шарт қоямыз. Маған мәлімдегендей, бизнес-форум аясында жалпы құны 1 миллиард 100 миллион долларлық келісімшарт жасалған. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана деп ойлаймын. Бүгінде британдық компаниялар салған инвестицияның жалпы құны 12 миллиардқа жуық долларды құрайды. Машина жасау, инфрақұрылым, медицина, білім мен ғылым тәрізді салалардағы ынтымақтастықты дамыту қажет деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Екі елдің көшбасшылары үкімет деңгейінде елдердің бизнес-қоғамдастығына көмектесу жөнінде жұмыс тобын, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания сауда-өнеркәсіп палаталары кеңесін және «дөңгелек столын» құру туралы келісімге қол жеткізді.

Өз кезегінде Д.Кэмерон Қазақстанда ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін үлкен перспектива бар екеніне тоқталды.

– Біріншіден, Қазақстандағы индустриялық даму жөнінде жүргізілген жұмыстардың ауқымын атап өткім келеді. Мен британдық көптеген компаниялар бұл процеске серіктес ретінде атсалысуға мүдделі деп ойлаймын. Сонымен қатар, мен осы аптада бірқатар шарттарға қол қойылғанына қуаныштымын. Екіншіден, Қазақстанда білім алуға жақсы мүмкіндіктер жасалған. Мен Назарбаев Университетіне, онда терең білім алуға ұмтылған жастарға тәнті болдым. Бұл бағытта біздер үшін бірлесе жұмыс істейтін ортақ салалар жеткілікті деп ойлаймын. Үшіншіден, мұнай-газ саласында халықаралық компаниялармен бірлесіп атқарылған техникалық жұмыстар көлемі ауқымды екенін айта кеткім келеді. Төртіншіден, Қазақстан Ұлттық қор құруда норвегиялық үлгіні берік ұстанып отыр. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің басы болып саналады. Мен өзіммен бірге бизнес-делегацияның осыншалықты көрнекі өкілдерінің еріп келгеніне қуаныштымын. Бұл британ бизнесі мен қоғамының Қазақстандағы барлық мүмкіндіктермен таныс болуына септігін тигізеді, – деді Ұлыбритания Премьер-Министрі. 

Бизнес-конференция аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дэвид Кэмерон «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын, сондай-ақ «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық кешенін бірге аралап көрді.            


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің